Құрметті оқырмандар! Кітапхананы пайдаланушылар! Блогымызға қош келдіңіздер! Біздің Google-дегі сілтемеміз: https://jancbsmailin.blogspot.com Мекен-жайымыз: Қ.Алтынсары көшесі 69 үй. Тел: 8(71439) 21-2-89. Электронды поштамыз: cbs_jan@mail.ru

пятница, 25 октября 2019 г.


Сөз өнерінің сайыпқыраны
немесе «Қыр елінің Крыловы» атанған
Сейіт Кенжеахметовтың туғанына 80 жыл толуына
орай еске алу кеші өтті



Өткен аптада Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында белгілі этнограф-ғалым, жазушы-сатирик, Сейіт Кенжеахметовтың 80 жылдығына арналған «Сөз өнерінің сайыпқыраны» атты еске алу кеші болып өтті. «Қыр елінің Крыловы» атанған, қазақ сатирасының сардарының кешіне жақын туыстары, мәдениет саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.


Еске алу кешінде ауыл кітапханашылары жиналғандарға жыр шумақтарын оқып, шашу шашып, көрермендердің зор ілтипатына бөленді. Кеште сатириктің әзілдері оқылып, ет жақын туыстары зейнеткер Ербатыр Сейітқазыұлы мен Ислам Ғазезұлы сөз зергері жайлы тебірене сөз сөйлеп, азаматтық болмысы мен өмірі туралы естеліктерін айтты. Сейіт ағамыздың балдызы, «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалының бірінші орынбасары, Ғабит Көдебайұлы:


- Жездеміз жастайынан ел аузында жүрген әңгімелерді, би-шешендердің халық арасында ұмытылмас сөздерін қағазға түсіріп халыққа жеткізді. Бұған он саусағынан өнер тамған тігінші, тоқымашы, көп жылдар ауылдық кеңестің төрайымы болған ардақты анасы Сәлиманың тәрбиесі қосылып, өнердің өрінен көрінуіне көп септігін тигізді дейді. Сонымен қоса Сейіт ағамыздың өмірінің өнегелі тұстарын әңгімелеп, шымыртпа әзілдерінде айта кетті. Осындай салиқалы кеште Ақжібек апамызда өз естеліктерімен былай деп бөлісті:


- Сейіт ағамызды біз жезде емес, аға дейтінбіз. Мен 1970 жылы келін боп түскенде Сейіт ағамыздың өз қолымен салған біржағы қуыс үлкен нар пеші болатын. Сол пештің қуысына тамақ қоятынбыз. Жұмыстан кеш келгенде тамақ жып-жылы болып тұратын. Өзінің отау бөлмесінде ағамыздың қолымен жасаған ағаш есігі болды. Ақшыл-көк сырмен сырланған, ортасында кішкене ою шынысы бар болатын еді. Шындығында, ол кісі шаруақор, өте ұқыпты шебер, қамқоршыл, ақылшыл кісі болатын дей отырып, Сейіт ағамыздың біз біле бермейтін қырларын айтып өтті.
Ал, «Торғай мұражайлар кешенінің» директоры Гүлбану Құлетқызы этнограф, сатирик жайлы былай деді:


- Сейіт ағамыз қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын түгендеп, қазақ көркемөнерінің күмбезін көтеріп кетті. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы жазған кітаптары орыс, ағылшын, қытай, түрік, әзірбайжан тағы да басқа тілдерде аударылды. Сонымен қатар республикаға сықақшы ретінде танылған, жалпы қазақ тілінің үлкен жанашыры еді, бар қабілет-қарымын ұлт мәдениетінің өркендеуіне арнады деп өзінің тұщымды ойын айтты.  

Сондықтан да болар осы кеште Сейіт ағамыздың сегіз қыры жан-жақты сөз етілді. Ия расымен, Сейіт Кенжеахметовтың қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз екені анық. Ол сан-салалы өнерді бойға сіңірген сегіз қырлы, бір сырлы сөз зергері. Атқарған еңбектері елеусіз қалмай әр жылдары өзінің тиісті бағасын алды. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып өзіндік өрнек салған Сейіт ағамыз, әдебиеттегі алғашқы қадамын сатиралық өлеңдер мен мысалдар жазудан бастады. Еліміздің тұңғыш сатиралық театры «Тамаша» ойын-сауық отауында үзбей қойылып келді.
Сондай-ақ, ұлт мәдениетіне арнап «Жеті қазына», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті», «Қазақтың дархан дастарханы» атты көлемді анықтамалық басылып шықты.
Сатира сардарының кешінде ауыл кітапханашылары мен тұрақты оқырмандар ақиық аталарының бірнеше шығармаларын әсерлі оқып, сатиралық үзінділерін көрсетті. Сейіт ағамыздың темірден, ағаштан жасаған бұйымдары мен кірпіштен салынған пешінің көшірме макеттері жасалып, «Семсер сөздің серкесі» атты кітап көрмесі қонақтарға таныстырылды. Осы кешке Сейіт Кенжеахметовтың балалары келе алмағандықтан экраннан онлайн режимінде әкелері жайлы тебірене сөз сөйлеп, Торғай елінің азаматтарына, осы тағылымды кешті ұйымдастырып жатқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымына шексіз алғыстарын жеткізді.


Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қанат Мейірімұлы: халқына адал қызмет еткен асыл азаматтың ешуақытта ұмытылмайтындығын, өнегелі өмірі кейінгі жас ұрпаққа үлгі бола беретіндігін тілге тиек етті. 



Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Қабдуалиева еске алу кешіне келген қонақтарға, көрермендерге ұжымның атынан алғысын білдіре отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сөз өнерінің сайыпқыраны, Сейіт Кенжеахметовтың шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттай отырып, қолға алынған игілікті істер алдағы уақытта жалғасын табатынын айта кетті. Кеш соңынан Сейіт ағамыздың аруағына «Оспанқожа Әулие» мешітінің наиб имамы Аян Сәбитбекұлы дұға бағыштап, келген қонақтарға ас берілді.

Әмірхан АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.


Комментариев нет:

Отправить комментарий