Құрметті оқырмандар! Кітапхананы пайдаланушылар! Блогымызға қош келдіңіздер! Біздің Google-дегі сілтемеміз: https://jancbsmailin.blogspot.com Мекен-жайымыз: Қ.Алтынсары көшесі 69 үй. Тел: 8(71439) 21-2-89. Электронды поштамыз: cbs_jan@mail.ru

среда, 20 марта 2019 г.


 «Latyndy golda!» жобасы аясында

«Әліпби – ұлт болашағының негізі»

атты эссе байқауы




«Аудандық тілдерді оқыту» КММ-нің директоры Гүлнұр Аубакированың жетекшілігімен аталмыш орталықтың оқу залында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай «Latyndy golda!» жобасы аясында «Әліпби – ұлт болашағының негізі» атты сырттай эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Аталмыш орталықтың мамандары түскен эсселердің мәні мен мағынасына, сөзді қолдану тәсіліне, жазу стиліне, латын қарпінің жазылуы мен графикасын дұрыс қолдануына баға бере отырып байқаудың жеңімпаздарын анықтады. Аудандық кітапхананың қызметкері, әріптесіміз Әмірхан Ағытаев бас жүлдеге ие болды. Құттықтаймыз!
Аудандық кітапхана.


понедельник, 18 марта 2019 г.


Кітапханадағы «Әз, Наурыз!»
атты кітап көрмесі


Аудандық балалар кітапханасының оқу залында жас оқырмандар мен мектеп оқушыларына Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Әз, Наурыз!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты: бүкіл түркі халықтарының ұлық тойы – Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру. Мерекеге арналып жасалған кітап көрмесі Наурыз тойының табиғатын, шығу төркінін, мазмұны мен мәнін, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орнын баяндап, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен қолөнері, ұлттық тағамы туралы насихаттау. Кітап көрмесінде халқымыздың ұлттық мерекесі Наурыздың шығу тарихы, жыл басы, жыл қайыру, жыл, ай аттары тәрізді ұлттық құндылықтар туралы әдебиеттер қойылған. 


Сонымен қатар қолөнер – халықтың ұлттық мұрасы, мәдениеті мен өнерінің айқын көрінісі. Соған орай ұлттық киім, қолөнерге байланысты әдебиеттер мен қазақ халқының дастарханы, ұлттық тағамдары туралы басылымдарды көруге болады. Көрмедегі кітаптармен мерзімді басылымдар бетіндегі мол мағлұматтар өз халқының мәдениеті мен этнографиясын танып білгісі келетін балаларға пайдасы мол болмақ. Көрме айдың аяғына дейін созылмақ.
Әмірхан АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.


понедельник, 11 марта 2019 г.


«Латынды қолда!» жобасы аясында


Жаңғыру — жазудан басталады


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деген еді. Осы уақытта аудандағы «Аудандық тілдерді оқыту орталығы» КММ-де мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар кезек-кезегімен орындалуда. Латын қарпіне көшу мәселесінде аталмыш орталықтың мамандары жан-жақты талқылау өткізіп, оған қоғамның болашаққа бейжай қарамайтындығын көрсетіп келеді. Аталмыш оқыту орталығының директоры Г.Аубакированың сөзінше, бұл қуанарлық жайт. Себебі, әрбір азаматтың ұстанымы елдің болашағын айқындауға негіз болады дейді.
Сондықтан, латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің одан ары дамуына және оның қолданылу аясының кеңеюіне әкеліп және түркі тілдес халықтарының барлығымен жақындастырады деп санаймын. Бұдан басқа қазақ тілінің айтылу ерекшелігі, айтылу заңдылықтары да қалпына келетініне сенімдімін. Менің ойымша, қазақ тілін білетін, қазақ тілін түсінетін әрбір азамат латын қарпін де түсініп, емін-еркін оқып кететіндеріне еш күмәнім жоқ. Латын әліпбиіне толық көшу мәселесі әлі өз жалғасын табады. Бұл әлемдегі барлық қазақтарды біріктіретін ең маңызды факторлардың бірі болмақ. Болашаққа бастар жолда бірліктен айырылмауға тиіспіз. Ендеше, рухани жаңғырудың темірқазығына айналған латын әліпбиіне өту – уақыт талабы.

Әмірхан АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.



воскресенье, 10 марта 2019 г.


1 наурыз - Алғыс айту күніне орай

«Ризашылық пен Алғыс»
атты кітап көрмесі


Ұлт Көшбасшысы  Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан Халықтар Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өтуін белгілеген еді. 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары С.Омарова мен А.Мырзағалиева Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің жанындағы интернатқа барып, ондағы оқушыларға «Ризашылық пен Алғыс» атты жылжымалы кітап көрмесімен таныстырып, шолу жүргізді. Көрмеде әр түрлі ұлт өкілдерінің суреттері мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар қойылған. 



Негізгі мақсат - осы көрме арқылы балаларға ризашылық пен алғыс туралы түсінік беру, үлкен кішіге сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым-қатынастарын дамыту, әдептілікке, кішіпейілдікке тәрбиелеу мақсатында. Сонымен қатар жаңадан түскен әдебиеттер мен мерзімді басылымдар «Айгөлөк», «Мөлдір бұлақ», «Ерке бала», «Аңыз адам» және тағы да басқа балалар туралы жорналдар оқылып, ақпарат минуты ұйымдастырылды. Өткізілген іс шарада оқушылар белсендігі жоғары деңгейде болды, өздерінің Отан Анаға, ата-анаға, ұстазға, өзге ұлт өкілдеріне, досына туған жерге деген ыстық лебіздерін ризашылықтарын білдірді.


Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі жанындағы интернаттың директоры Айдын Ералин кітапханашыларға, оқушыларға үлкен алғысын білдірді. Шара соңында «Рахмет» туралы әсем ән орындалып, шараның сәнін келтірді.

А.АГИТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.


1 наурыз - Алғыс айту күніне орай

«Алғыс айту - ынтымақтың берекесі»

«....мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек.
Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл
өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз»
                                                                                                           
                                                                                   Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.


1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудандық кітапхананың оқу залында «Алғыс айту  - ынтымақтың берекесі» атты тақырыппен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Сұрақ-Жауап» ойыны өткізілді.


Негізгі мақсат - мүмкіндігі шектеулі балалардың өзге азаматтармен тең құқылы түрде ақпарат алуына, бос уақыттарын тиімді өткізуге, саналарына сыйластық, ізгілік қасиеттерді сіңіру, аға-ұрпақ өкілдеріне алғыс айта білуге баулу, алғыс пен ризашылықтың мағынасын ұғындыру, «Сұрақ-Жауап» ойыны арқылы танымдық қабілеттерін дамытуға ықпал ету, жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге ат салысу. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың өздеріне түрлі смайликтер арқылы адамның көңіл-күйін білу, ойнатуға мүмкіндік беру арқылы сөйлеу, қозғалу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету, бойларындағы шығармашылық қабілеттіліктерін ұштауға көмектесу болатын. Бұл орайда үстел үсті түрлі-түсті шарлар мен смайликтер толы болды. Ойын барысында топ-топқа бөлінген мүмкіндігі шектеулі балалар сұрақтарды мұқият тыңдап, жауаптарын лезде айтып берді. Өздері таңдаған смайликтер арқылы көңіл-күйлерін білдіріп, белсенділік танытты. Сонан соң қолды қимылдата отырып жасалатын бірнеше деңгейден тұратын ойындар ойнатылды. Ойынның мазмұнында мүмкіндігі шектеулі балалардың танымдық қабілетін дамытуға ықтимал жасайтын мүмкіндіктер молынан. Бұл күні мүмкіндігі шектеулі балаларға, кітапханада оқырмандар игілігі үшін ұйымдастырылып жатқан жұмыс түрлері таныстырылып, «Алғыс айту – ынтымақтың берекесі» атты бейне ролик көрсетілді. 





Шара соңында «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау маманы Гүлбаршын Марқабайқызы кітапханашыларға алғыстарын білдірді. Кітапхананың ұйымдастыруымен өткен шарада мүмкіндігі шектеулі балаларға кітапханашылар рахмет айтып, сыйлықтар тарту етілді.

А.АГИТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.


среда, 30 января 2019 г.

                                                          Кеңес әскерлерінің Ауғаныстан жерінен
шығарылғанына 30 жыл толуына орай


«Ауған соғысының от жалыны»
атты аудандық кітапханада өткен дөңгелек үстел

Күні кешегі Кеңес дәуірінің кереғар  саясатының салдарынан тарих бетінде қалған Ауған соғысының аяқталғанына биыл 30 жыл. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің өкінішті ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жерінің топырағын басып,  ауасын жұтып, сұрапыл соғыстың дәмін татты. 1979 жылы балаң сарбаздар қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді. 1979-1989 жылдардағы Кеңестік алып империяның ең соңғы соғысына 22000 адам қатысқан. Оның 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Отан алдындағы азаматтық борышты абыройлы орындасам деген отансүйгіштік қасиет бойына дарыған біздің өңірден  18 азаматтың маңдайына міндетті ауған жерінде өтеу жазылыпты. Қазір соның 8-і аудан көлемінде, 4-і аудан орталығында. 1979 жылдың  25 желтоқсанда  Ауғаныстанға кіргізілген Кеңес әскерінің шектеулі контигенті, 1989 жылдың  15 ақпанында Женева келісімдеріне сәйкес толық шығарылған болатын.


         Осы орайда «Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ-нің директоры Қабдуалиева Роза Сұлтанқызының ұйымдастыруымен аталмыш мекеменің оқу залында «Ауған соғысының от жалыны» атты тақырыппен дөңгелек  үстел өтті. Кеңес әскерлерінің Ауғаныстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған іс-шара болды. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, бүгінгідей сұхбат жүргізіп, естеліктерін тыңдау – жастар үшін, біз үшін, бір ғанибет. Сол бір сұрапыл соғыстың естеліктерін ортаға салып қызық әрі қиын кездерін естеріне түсіріп әңгіме өрбітті. 
Бұл шараға «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалының бірінші орынбасары Ғабит Көдебайұлы Сүндетбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қанат Мейірімұлы Омар, Ауған соғысының ардагерлері Құнанбай Тойшанұлы, Марат Зәуірбекұлы, Бөкейхан Әмірханұлы, Серік Оспанұлы және аудандық БАҚ өкілдері мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары қатысты. Дөңгелек үстелді Қ.Жармағамбетов атындағы кітапхананың кітапханашысы Батырова Венера Чапайқызы ашып, жүргізіп отырды.
- Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері! Сіздерді Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуымен аудандық кітапхана ұжымының атынан шын көңілден құттықтаймыз. Ұлы Отан соғысымен пара-пар, тарихта да, жүректе де қалған соғыс Ауған соғысы. 1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес Одағы «Ауғанстан еліне интернационалдық көрсетеміз» деген желеумен оның қарулы күштерін сол елдегі азаматтық соғысқа қатыстырып және кең көлемде әскери  іс-қимылдар жүргізді. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі» - дегендей, қанша уақыт өтсе де бұл күн маңызын жоғалтқан жоқ.  Бүгінгі дөңгелек үстел - осының айғағы дей отырып, осы соғыста және соғыс зардабынан бейбіт өмірде дүниеден озған ардагерлерді  1 минут үнсіздікпен еске алды.
Дөңгелек үстелде алғашқы болып «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалының бірінші орынбасары Ғабит Сүндетбаев сөз сөйлеп, Ауған соғысының ардагерлерін мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Бұл соғыстың зардабы біздің де әулетімізді айналып өтпеді. Туған бауырының осы соғыста 2 жыл 8 ай өткізгенінде айта өтті. Сол кездегі Кеңес Үкіметінің солақай саясаты тамырды уландырып, талай боздақтардың қаны сұрапыл соғыстың дауылды заманында кетті. Сондықтан «тәубә» дейік. Аман болыңыздар, ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіздер.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Сіздер мен біздер тек болашақ  буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар  буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді. Ал сіздер, бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушы  ауған соғысының ардагерлері, бұл патриоттық борыштарыңызды сол кезде ақ өтедіңіздер. «Дәуір қателігі» деген сөзде ақиқат жоқ. Өйткені, сіздер қазақ деген халықтың қашаннанда батылдық пен батырлықтың иесі екенін, қажет болса Отан үшін оттан да қорықпайтынын дәлелдедіңіздер. Бұл – тарих, ал тарихты ешкім өзгерте алмайды деді. Бұндай іс-шаралардың мәдени ошақтарда әлі де жалғасын табатынын айта кетті.
Қанат Омар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
- Құрметті интернационалист бауырлар! Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар! Бұл қанды соғыста мына отырған сіздер, интернационалист-жауынгерлер ерлік танытып, ата-бабаларымыздың рухын асқақтаттыңыздар. 9 жыл 10 айға созылған  соғыста қаншама адам құрбан болып, біразы із-түссіз жоғалып кетті. Сіздер де осы соғыстың ортасында жүрдіңіздер. Жүректеріңізде соғыс салған жара әлі бар. Сіздер бейбіт күнде де шама-шарықтарыңызша еңбек етіп, ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрсіздер. Аман болыңыздар, ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіздер деді. Дөңгелек үстел басында Ауған соғысының ардагерлері де өздерінің әңгімелерімен бөлісіп, тілектерін айтты.

Бөкейхан Әмірханұлы, Ауған соғысының ардагері, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
- Құрметті Ауған соғысының ардагерлері, дөңгелек үстелге жиналған қонақтар! Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына табаны күректей 30 жыл өтіпті. Алайда сол соғыстың зардабы ешкімнің жүрегінен өшкен жоқ, ол жара жазылмайды. Қазіргі  сәтте біздің жүзіміз жарқын көрінгенімен, әр ардагердің жүректері жылап тұр. Қаза болған майдандас достарымыздың бейнесі ешуақытта санадан өшпейді. Ендігі біздің арманымыз, тілегіміз, Алладан сұрайтынымыз  кейінгі  ұрпақ мұндай қырғынды көрмесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын осындай мәні зор жүздесуді өткізуге ұйытқы болған кітапхана директоры Роза Сұлтанқызы мен оның ұжымына ардагерлер атынан алғысын білдірді. 


Құнанбай Тойшанұлы, Ауған соғысының ардагері:
 - Шынымды айтсам 18 жастағы, мұрты тебіндеп үлгермеген бозбалалар қырғын соғыстың ортасына түскенде не болғанын ұқпай да қалдық. Жүрегімізде тек «Отан үшін!» деген патриоттық сезім болды.  Аман-есен туған жерімізге оралдық еңбекке араластық. Бірақ сол кездің жаңғырығы бізге әлі де естіліп тұрады, десек өтірік емес. Майдандас достарымыздың бейнесі көз алдымызда. Соғыстан оралмағаны, келгеннен кейін жарақат салдарынан өмірден ерте озған ардагерлердің есімін біз де, өскелең ұрпақ та ұмытпайды.
Марат Зәуірбекұлы, Ауған соғысының ардагері, кәсіпкер:
- Әрине, Ауған соғысының салған зардабы, қайғысы мен қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес. Жыл сайын ақпанда бас қосып, әңгімелесіп, шер тарқатып аламыз. Сол үшін бәріңізге рахмет. Қатарымыз сиремей аман-есен осылай жолығып жүрейік. Бүгінгі керемет кездесуді ұйымдастырған кітапхана ұжымына көп рахметін айтты.
Біз ауған соғысының қаншалықты қиын болғанын түсіндік. Сондықтан бүгінгі кездесудің біз үшін маңызы зор болды. Тәуелсіз елде тұрып жатқанымызға шүкіршілік етіп, ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп-құрметтеу – біздің борышымыз,- дей отырып Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушысы Сәкен Нариман Қанатұлы жыр шумақтарын оқып берді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел басында Ауған соғысы туралы бейне ролик пен слайд көрсетілді. Соғыс - зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі - Ауған соғысы. Расымен, бейбіт өмірге қол жеткізу қай халыққа да оңай түспеген. Өткен әрбір соғыс мыңдаған, миллиондаған адам шығынын әкеліп, қаншама мемлекетті күйретумен тарихта таңба болып қалды. Бұл кездесу оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәні зор мағыналы іс-шара болды.
Ғализа Жәкішқызы, аудандық кітапхананың әдістемешісі:
- Құрметті Ауған соғысының  ардагерлері, қадірлі қонақтар! «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген сөздің өз мәнін ешуақытта жоғалтпайтынына бүгін көзіміз тағы бір жеткендей болды. Ауған соғысы ардагерлерін еске алу, ерліктерін паш ету-біздің қасиеттері парызымыз. Бұл дөңгелек үстелді өткізудегі біздің ең басты мақсатымыз ерліктерімізді ұлықтау. Өйткені, өткенсіз – бүгін жоқ. Өскелең ұрпаққа  үлгі-өнеге болып жүрген Құнанбай Тойшанұлы, Марат Зәуірбекұлы, Бөкейхан Әмірханұлы, Серік Оспанұлы және де басқа  интернационалист-жауынгерлерді өскелең ұрпақ мақтан тұтады. Бұл күнге біз ұжымымызбен ерекше дайындалдық. Өйткені бұл күн әрі мереке, әрі  азалы күн. Сондықтан келіп, сұхбаттасып, әсерлі әңгімелеріңізбен бөліскендеріңізге алғыс айтамыз. Біздің есігіміз сіздер үшін әрқашанда ашық. Қандай тілек-өтініштеріңіз болса да тыңдауға дайынбыз. Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Келгендеріңізге көп рахмет деді.
Иә, болашаққа қадамды нық басу үшін өткенімізді өшірмей, ерлігімізді жәдігердей сақтауымыз қажет. Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол. Шара соңында кітапхана әдістемешісі Ғализа Жәкішқызы ардагерлерге сыйлық тапсырып жиналғандар естелік суретке түсті.

АҒЫТАЕВ ӘМІРХАН БАҚТЫБАЙҰЛЫ,
аудандық кітапхананың қызметкері.