Құрметті оқырмандар! Кітапхананы пайдаланушылар! Блогымызға қош келдіңіздер! Біздің Google-дегі сілтемеміз: https://jancbsmailin.blogspot.com Мекен-жайымыз: Қ.Алтынсары көшесі 69 үй. Тел: 8(71439) 21-2-89. Электронды поштамыз: cbs_jan@mail.ru

вторник, 3 декабря 2019 г.


1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне орай

Елбасы – ел тірегі 
жылжымалы кітап көрмесі


               Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанның негізін салып, дамыту бағытында қажырлы қызмет етіп келе жатқан қайраткер. Батыл бастамалары мен жаңашыл шешімдері нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани саласын жаңа белестерге жеткізген ұлт көшбасшысы. Осындай орасан зор жақсылықтар мен жетістіктер арқылы еліміздің атын жаһанға жария еткен асқар тұлға  туралы аудандық балалар кітапханасында ұйымдастырылған «Елбасы – ел тірегі» тақырыбында кезекті жылжымалы кітап көрмесі Н.Г.Иванов атындағы орта мектепте болды.



Көрменің мақсаты оқушыларға елімізге еңсе тіктетіп, мемлекетімізді мығымдап берген халқымызды әлемге танытып, абыройын асқақтатқан ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен оның ел басқарудағы еңбегі, шығармашылыққа толы атқарылған істері туралы мәлімет беру. Шара барысында Елбасы туралы кітаптарға жасалған шолуға мектеп ұстаздары мен оқушылар айырықша қызығушылық танытып, ықыласпен ден қойды. Шараға қатысқан оқырмандар алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.   
Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.




1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне орай

Тұңғыш Президент - тәуелсіздігіміздің 
тірегі болған тұлға


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өткен мәжіліс аясында, аудандық кітапхана Елбасы туралы кітап көрмесін ұйымдастырды. Танымдық шарада Елбасының балалық шағынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өмірі мен ел жетістіктері оқырмандар назарына ұсынылды. 


Сонымен қатар, Елбасы туралы әлем саясаткерлерінің ой-пікірлері, ақын-жазушылар шығармаларының топтамалары да  бар. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы кезеңіндегі тарихи рөлін, қазақстандық қоғамды жаңғырту мен қайта құрудағы еңбегін кеңінен ашып көрсету мақсатында ұйымдастырылған көрмеге кітапханашы В.Батырова шолу жүргізіп, Елбасының жалпыұлттық салиқалы саясатын, әлемдік аренадағы биік беделін, ел экономикасын арттыру жолындағы жасампаз еңбектері туралы жазылған шығармаларын таныстырып, келушілерге кеңінен толық мағлұмат берді. Көрмеде Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолын қамтитын туралы 20-ға жуық кітаптар ұсынылған.
Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.


пятница, 22 ноября 2019 г.


 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 



«Туған жерім – тал бесігім»
атты аудандық зерделі кеңес

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғанын білеміз. Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды терең білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар.  Олар туралы жас ұрпақтың біліп өскені абзал. 





«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы жүзеге асыру аясында 2019 жылдың 21 қарашасы күні Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқу залында «Туған жерім – тал бесігім» тақырыбында аудандық зерделі кеңес өткізілді.
Зерделі кеңестің мақсаты - оқырман қауымға тарихы терең, қойнауы кең өлкеміздің тарихын, өркендеген өңірдегі өрелі істерін таныстыра отырып, өз елінің патриоты болуға, отаншылдық сезімі мен еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, өлкетану әдебиеттерін насихаттау мен оның жұмыстарына бағыт-бағдар беру. Зерделі кеңеске, мәдениет саласының мамандары, аудан жастары мен кітапханашылар қатысты. Жангелдин орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Р.Қабдуалиева құттықтау лебізімен бастап, аудандық кітапхананың негізгі жетістіктері мен алдағы тұрған міндеттеріне тоқталып, зерделі кеңестің өткізіліп отырғанына зор мақтанышпен айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапханада атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, осындай шаралар жалғасын табатынын айта отырып, қатысушыларға алғыс айтты. 


Зерделі кеңесте орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдістемеші Ғализа Абдрахманова «Кітапхана – өлкетану жұмысын дамыту орталығы» тақырыбында кеңес беріді. Кеңес барысында өлкетану әдебиетін насихаттаудың түрлері, әдістері мен бағыттары жайында айтылды. Сондай-ақ, кітапханадағы өлкетану жұмыстарын насихаттау мен жарнамалауды дұрыс пайдалана білу туралы өз тәжірибесімен де бөлісті. Жасалған кеңес – презентация бойынша арнайы слайд көрсетілді. Кітапхана библиографы Майра Нұрғазина слайд арқылы «Жеңісті жақындатқан Торғайлықтар» атты библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесерін өткізіп, слайд арқылы оған шолу жүргізді. Ұлы Жеңіс тұрғысындағы әдебиеттермен таныстыра отырып, оның құрылымы жайында түсінік берді. Тренинг-тәжірибе барысында мақалалардың электронды картотекасының құрылымына және оны қалай жүзеге асырылатынына жете тоқталды. 
Ал, Қ.Жармағамбетов атындағы кітапхананың кітапханашысы Венера Батырова кітапханашылар мен оқырмандардың туған жерге деген патриоттық сезімдері мен жеке қабілетін дамыту мақсатында аудан жастарымен «Шежірең бар таусылмайтын сан қырлы» атты ойын-сайыс өткізді. Ойын-сайыстың мақсаты – Торғай өңіріндегі жер-су атауларын жатқа айту. Сайыс барысында жастардың басым бөлігі жақсы атсалысып, ұйымдастырушылардың көңілінен шыға білді. Балалар кітапханасының кітапханашысы Сауле Омарова «Өлкесін өлең-жырмен өрнектеген» тақырыбында жыр сағатын өткізді. Жыр сағатында құт дарыған қасиетті Торғай өңірі ел мұраты жолында басын бәйгеге тіккен батырларымен, бірлік пен татулыққа үндеген тамаша тума-таланттары жайында тоқтала отырып, осы өңірден шыққан ақын-жазушылардың туған елге, туған жерге арнаған жырлары жайлы айтылып, өлеңдері оқылды. 

Сонымен қатар, «Туған өлкем, ғажап қой шіркін, ғажап қой!» деген тақырыптарда кітап көрмесі шығарылып қатысушылардың назарына ұсынылды. Жалпы аудандық зерделі кеңесте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалары мен бағыт-бағдарлары айтылды. Осы кеңеске жиналғандар осы жоба аясындағы ойларын ортаға салып, өз көзқарастарымен бөлісті. Белгіленген кеңес жоспар бойынша өткеннен кейін көкейтесті төңірегінде әр түрлі сұрақтар да талқыланды. Барлық зерделі кеңеске қатысушылар ұйымдастырып отырған аудандық кітапхананың ұжымына ризашылықтарын білдіріп, жақсы дәрежеде өткендігін айтты.


Осындай, «Ұлы даланың Ұлы есімдері», «Ауыл – ел бесігі» тағы да басқа арнайы жобалары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының дамуына қосымша импульс беріп, мол септігін тигізеді дейді,- ОКЖ директоры Р.Қабдуалиева. Зерделі кеңес барысында түрлі тәжірибе алмасулар мен айтылған кеңестер, аудан жастары мен кітапхана мамандарына өте пайдалы жақтары көп болғанын айтып қортындылап, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Әмірхан АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.





вторник, 19 ноября 2019 г.


Қазақстан халқы Ассамблеясының
 «Қазақтану» мәдени – ағартушылық жобасы аясында





«Халықтың бірлігі мәңгілік» атты тіл сайысы



Биыл қыркүйек айында аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени – ағартушылық жобасы аясында «Халықтың бірлігі мәңгілік» атты тіл сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты – елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достық пен ынтымақты дәріптеу, Қазақстанға деген патриоттық сезімін ояту. Өзара жағымды қарым-қатынасты дамыту, Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің Қазақстан халқына деген сыйластығын, ұлттық қатынасын нығайту, өзара достықты, Отанын құрметтеуге тәрбиелеу.
Сайысқа басқа ұлт өкілдерінен құрайтын мектеп оқушылары қатысты. Сайыс бірнеше кезеңдерден тұрды. Әр кезеңге әділ-қазылар әділ  бағаларын беріп отырды. Сайыс барысында әр ұлттың оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, өлеңдер оқыды. Қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде өтті. Біреулері еліміздің тарихын еске ала отырып жеткен жетістіктері туралы ойларын жеткізсе, кейбіреулері елге қазақ еліне деген махаббатын өлең шумақтары мен арнау арқылы жеткізе білді.
Әсіресе, қазақ тілінде жыр шумақтарын оқыған этностар сүйсіндіріп, қошеметке ие болды. Сайысқа өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде жырларын мәнерлеп оқуымен және қазақ ұлтының музыкалық аспап түрлерінде сүйемелдеумен жалғасты. Сайыс соңында жеңімпаздар марапатталып, «Достық» әні шырқалды.
Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхана қызметкері.

пятница, 25 октября 2019 г.


Сөз өнерінің сайыпқыраны
немесе «Қыр елінің Крыловы» атанған
Сейіт Кенжеахметовтың туғанына 80 жыл толуына
орай еске алу кеші өтті



Өткен аптада Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында белгілі этнограф-ғалым, жазушы-сатирик, Сейіт Кенжеахметовтың 80 жылдығына арналған «Сөз өнерінің сайыпқыраны» атты еске алу кеші болып өтті. «Қыр елінің Крыловы» атанған, қазақ сатирасының сардарының кешіне жақын туыстары, мәдениет саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.


Еске алу кешінде ауыл кітапханашылары жиналғандарға жыр шумақтарын оқып, шашу шашып, көрермендердің зор ілтипатына бөленді. Кеште сатириктің әзілдері оқылып, ет жақын туыстары зейнеткер Ербатыр Сейітқазыұлы мен Ислам Ғазезұлы сөз зергері жайлы тебірене сөз сөйлеп, азаматтық болмысы мен өмірі туралы естеліктерін айтты. Сейіт ағамыздың балдызы, «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалының бірінші орынбасары, Ғабит Көдебайұлы:


- Жездеміз жастайынан ел аузында жүрген әңгімелерді, би-шешендердің халық арасында ұмытылмас сөздерін қағазға түсіріп халыққа жеткізді. Бұған он саусағынан өнер тамған тігінші, тоқымашы, көп жылдар ауылдық кеңестің төрайымы болған ардақты анасы Сәлиманың тәрбиесі қосылып, өнердің өрінен көрінуіне көп септігін тигізді дейді. Сонымен қоса Сейіт ағамыздың өмірінің өнегелі тұстарын әңгімелеп, шымыртпа әзілдерінде айта кетті. Осындай салиқалы кеште Ақжібек апамызда өз естеліктерімен былай деп бөлісті:


- Сейіт ағамызды біз жезде емес, аға дейтінбіз. Мен 1970 жылы келін боп түскенде Сейіт ағамыздың өз қолымен салған біржағы қуыс үлкен нар пеші болатын. Сол пештің қуысына тамақ қоятынбыз. Жұмыстан кеш келгенде тамақ жып-жылы болып тұратын. Өзінің отау бөлмесінде ағамыздың қолымен жасаған ағаш есігі болды. Ақшыл-көк сырмен сырланған, ортасында кішкене ою шынысы бар болатын еді. Шындығында, ол кісі шаруақор, өте ұқыпты шебер, қамқоршыл, ақылшыл кісі болатын дей отырып, Сейіт ағамыздың біз біле бермейтін қырларын айтып өтті.
Ал, «Торғай мұражайлар кешенінің» директоры Гүлбану Құлетқызы этнограф, сатирик жайлы былай деді:


- Сейіт ағамыз қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын түгендеп, қазақ көркемөнерінің күмбезін көтеріп кетті. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы жазған кітаптары орыс, ағылшын, қытай, түрік, әзірбайжан тағы да басқа тілдерде аударылды. Сонымен қатар республикаға сықақшы ретінде танылған, жалпы қазақ тілінің үлкен жанашыры еді, бар қабілет-қарымын ұлт мәдениетінің өркендеуіне арнады деп өзінің тұщымды ойын айтты.  

Сондықтан да болар осы кеште Сейіт ағамыздың сегіз қыры жан-жақты сөз етілді. Ия расымен, Сейіт Кенжеахметовтың қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз екені анық. Ол сан-салалы өнерді бойға сіңірген сегіз қырлы, бір сырлы сөз зергері. Атқарған еңбектері елеусіз қалмай әр жылдары өзінің тиісті бағасын алды. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып өзіндік өрнек салған Сейіт ағамыз, әдебиеттегі алғашқы қадамын сатиралық өлеңдер мен мысалдар жазудан бастады. Еліміздің тұңғыш сатиралық театры «Тамаша» ойын-сауық отауында үзбей қойылып келді.
Сондай-ақ, ұлт мәдениетіне арнап «Жеті қазына», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті», «Қазақтың дархан дастарханы» атты көлемді анықтамалық басылып шықты.
Сатира сардарының кешінде ауыл кітапханашылары мен тұрақты оқырмандар ақиық аталарының бірнеше шығармаларын әсерлі оқып, сатиралық үзінділерін көрсетті. Сейіт ағамыздың темірден, ағаштан жасаған бұйымдары мен кірпіштен салынған пешінің көшірме макеттері жасалып, «Семсер сөздің серкесі» атты кітап көрмесі қонақтарға таныстырылды. Осы кешке Сейіт Кенжеахметовтың балалары келе алмағандықтан экраннан онлайн режимінде әкелері жайлы тебірене сөз сөйлеп, Торғай елінің азаматтарына, осы тағылымды кешті ұйымдастырып жатқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымына шексіз алғыстарын жеткізді.


Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қанат Мейірімұлы: халқына адал қызмет еткен асыл азаматтың ешуақытта ұмытылмайтындығын, өнегелі өмірі кейінгі жас ұрпаққа үлгі бола беретіндігін тілге тиек етті. 



Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Қабдуалиева еске алу кешіне келген қонақтарға, көрермендерге ұжымның атынан алғысын білдіре отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сөз өнерінің сайыпқыраны, Сейіт Кенжеахметовтың шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттай отырып, қолға алынған игілікті істер алдағы уақытта жалғасын табатынын айта кетті. Кеш соңынан Сейіт ағамыздың аруағына «Оспанқожа Әулие» мешітінің наиб имамы Аян Сәбитбекұлы дұға бағыштап, келген қонақтарға ас берілді.

Әмірхан АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.



Қазақстан халқы Ассамблеясының
 «Қазақтану» мәдени – ағартушылық жобасы аясында


«Татулықты сақтаған – тектіліктің белгісі» танымдық сағаты

2019 жылдың 24 қазан күні аудандық кітапхананың оқу залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени – ағартушылық жобасын жүзеге асыру шеңберінде аудан жастарымен танымдық сағаты өтті. Танымдық сағаттың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім үлгісін насихаттау, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру. Сонымен қатар, жас ұрпақты тарихи-мәдени және рухани құндылықтарды бағалауға үйрету. Жастарға Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығын ұғындыру. 
Іс-шара шеңберінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы аясында «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру жұмыстарына баса назар аударылды. Аталған жобаға қатысты аудан жастары өз пікірлерін білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстарын айта кетті. Бұл жоба жалпықазақстандық құндылық пен қазақстандық патриотизмді біріктіру мен қалыптастыру болып табылады. Себебі, басқа ұлт өкілдері қазақ елінің тарихын, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайта түседі. Бұл – тұрақтылық кепілі.
Іс-шара барысында «Қазақстан – ұлыстар мекені» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Кітапханашылар осындай басқосулар жобаның аясын кеңейтуге септігін тигізетінін айта отырып, ұлттық құндылықтарға байланысты ой-пікір бөліскендері үшін жиналғандарға алғыстарын білдірді. Ендеше достығымыз, татулығымыз мәңгі болсын! 
Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхана қызметкері.

четверг, 12 сентября 2019 г.


Қазақстан халқы Ассамблеясының
«Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы





«Қазақстан - ұлыстар мекені» кітап көрмесі



Үстіміздегі жылды аудандық кітапхананың оқу залында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени – ағартушылық жобасы аясында, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жалпыұлттық тарихи сананы нығайту және ұлтты біріктіруші құндылықтарды қалыптастыруды көздей отырып «Қазақстан – ұлыстар мекені» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылған болатын.
Айта кетсек, «Қазақтану» жобасының маңызы ұрпақ арасындағы байланыстардың, бірліктің негізгі принциптері мен келісімнің, этникалық толеранттылықтың негізінде бірігуі мен дамуына ерекше назар аудару.
Кітап көрмесінің мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі, ынтымағы туралы кітаптармен таныстыру арқылы оқырмандар арасында этностар мәдениетін насихаттай отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Көрмеге көп ұлтты Қазақстан халқының бейбіт өмірін сомдайтын, тарихын қамтитын, бірлігін бейнелейтін кітаптар мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары қойылып, оқырмандар назарына ұсынылды. Кітапханаға келуші оқырмандар көрмеден жақсы әсер алып өз ойларымен де бөлісті.
Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.


понедельник, 2 сентября 2019 г.


30 тамыз - Конституция күніне орай

Ата заң – ел тірегі


Егемен еліміз талай тарихи асуларды басынан кешірді. Оның ең айтулысы - Ата Заңымыздың қабылдануы. Ата заң аясында алтын дала – Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әр түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр. 30 тамыз Конституция күніне орай Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің холлында аудандық кітапхана «Ата заң – ел тірегі» тақырыбында көпшілік қауым үшін кітап көрмесін ұйымдастырды. 


Кітап көрмесіне кітапхана қорында сақталған кітаптар мен мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалар қойылды. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының Конституциясы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тәуелсіздік нышандары», «Қазақтың ата заңдары», «Қазақстан Республикасының Конституциясы» схемалы альбомы және мерзімді басылымдар беттері мен интернет ресурстарынан алынған мақалалар қойылған.

Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.

среда, 21 августа 2019 г.


"Адал қоғам - жарқын болашақтың кепілі"
облыстық акциясы аясында

«Менің азаматтық ұстанымым»
атты дөңгелек үстел


20 тамыз күні аудандық кітапхананың оқу залында «Адал қоғам – жарқын болашақтың кепілі» облыстық акциясы аясында «Менің азаматтық ұстанымым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге жас оқырмандар, мәдениет саласының қызметкерлері мен кітапханашылар қатысты. Әр адамның өзінің өмірлік ұстанымдары болады. Ол әрине, Отанды сүю, туған жеріңді қадірлеу, тарихыңды бағалау, үлкендерді құрметтеу, өз еліңнің адал патриоты болу.

Дөңгелек үстел басына жиналғандарға кітапханашылар «Менің азаматтық ұстанымым» деген ұғымды түсіндіріп, жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімнің болу жайлы түсінікті қалыптастыру, дүниетанымдарын кеңейту, өз мемлекетіне жауапкершілікпен қарау және әділдікке тәрбиелеу мақсатында мағлұмат берді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметпен қатар, адал еңбек, еңбектің қоғам мен адам үшін маңыздылығы туралы да әңгімеледі.


Сыбайлас жемқорлық туралы кітапхана қызметкерлері жалпы түсінік берумен қатар, жас оқырмандарға сыбайлас жемқорлықты ойын ойнату арқылы жеткізді. Ойында пара беруге болмайтындығы және параны алмау керек екендігі көрсетілді. Өз кезегінде жас оқырмандар қызығушылықпен атсалысып, адал да патриот болатындықтарын жеткізді.
Іс-шара барысында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында кітап көрмесіне шолу жасалды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы кітаптар, жорналдар мен газеттер қойылған. Дөңгелек үстелдің соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнеролик көрсетілді. ОКЖ директоры Р.Қабдуалиева қорытындылап, мақсатты нәтижеге жету үшін, өз еңбегіңмен жетуге тырысу керек екендігін баса айтып, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісін қоғам қабылдамайтынын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз ұстанымын білдірді.

Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.








понедельник, 19 августа 2019 г.


"Адал қоғам - жарқын болашақтың кепілі"
облыстық акциясы аясында

«Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!»
атты кітап көрмесі


19 тамыз күні аудандық кітапханада «Адал қоғам – жарқын болашақтың кепілі» облыстық акциясы аясында "Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ" деген тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрменің мақсаты  өскелең ұрпақты Қазақстандық патриотизмге және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейте отырып, құқық бұзушылыққа төзбеушілікке тәрбиелеу. 
Кез келген күрделі  әлеуметтік құбылыс сияқты сыбайлас жемқорлыққа да нақты анықтама беру қиын. Сыбайлас жемқорлық деп нені санауға болатындығы әр елдің өз қылмыстық Заңдарында өзінше анықталған. Заңда көрсетілген рұқсаттар мен тыйымдар қоғамның да, жеке адамның да іс-әрекетіне бағдар береді. Жалпы, жемқорлықпен күрес мемлекеттік маңызы бар мәселе, бүгінгі күнде оны тек құқық қорғау органдарының мойнына артып қоймай, барша халық болып осы кесапаттың жолын кесуге жұмылса, сонда ғана іс нәтижелі болары анық. Кітапханашылар сыбайлас жемқорлық қазіргі заманда қоғамның жағымсыз көрінісі болып отырған, оған қолдан келгенше тосқауыл қойылып осы жолда өзгелерге үлгі болатынын атап айтты.


Өз кезегінде оқырмандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы кітап көрмесін тамашалап, осы тақырып аясында өз ойларын жеткізді. Олар көрмеге қызығушылықпен қатысып, сыбайлас жемқорлыққа олардың өмірінде орын жоқ екендігін, сондай-ақ елінің адал да патриот азаматы болатындығын жеткізді. Жалпы, кітап көрмесі кітапханаға келуші оқырмандарға, заңгерлерге, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған.

Ә.АҒЫТАЕВ,
аудандық кітапхананың қызметкері.