Құрметті оқырмандар! Кітапхананы пайдаланушылар! Блогымызға қош келдіңіздер! Біздің Google-дегі сілтемеміз: https://jancbsmailin.blogspot.com Мекен-жайымыз: Қ.Алтынсары көшесі 69 үй. Тел: 8(71439) 21-2-89. Электронды поштамыз: cbs_jan@mail.ru

среда, 30 января 2019 г.

                                                          Кеңес әскерлерінің Ауғаныстан жерінен
шығарылғанына 30 жыл толуына орай


«Ауған соғысының от жалыны»
атты аудандық кітапханада өткен дөңгелек үстел

Күні кешегі Кеңес дәуірінің кереғар  саясатының салдарынан тарих бетінде қалған Ауған соғысының аяқталғанына биыл 30 жыл. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің өкінішті ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жерінің топырағын басып,  ауасын жұтып, сұрапыл соғыстың дәмін татты. 1979 жылы балаң сарбаздар қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді. 1979-1989 жылдардағы Кеңестік алып империяның ең соңғы соғысына 22000 адам қатысқан. Оның 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Отан алдындағы азаматтық борышты абыройлы орындасам деген отансүйгіштік қасиет бойына дарыған біздің өңірден  18 азаматтың маңдайына міндетті ауған жерінде өтеу жазылыпты. Қазір соның 8-і аудан көлемінде, 4-і аудан орталығында. 1979 жылдың 25 желтоқсанда Ауғаныстанға кіргізілген Кеңес әскерінің шектеулі контигенті, 1989 жылдың  15 ақпанында Женева келісімдеріне сәйкес толық шығарылған болатын.


         Осы орайда «Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ-нің директоры Қабдуалиева Роза Сұлтанқызының ұйымдастыруымен аталмыш мекеменің оқу залында «Ауған соғысының от жалыны» атты тақырыппен дөңгелек  үстел өтті. Кеңес әскерлерінің Ауғаныстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған іс-шара болды. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, бүгінгідей сұхбат жүргізіп, естеліктерін тыңдау – жастар үшін, біз үшін, бір ғанибет. Сол бір сұрапыл соғыстың естеліктерін ортаға салып қызық әрі қиын кездерін естеріне түсіріп әңгіме өрбітті. 
Бұл шараға «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалының бірінші орынбасары Ғабит Көдебайұлы Сүндетбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қанат Мейірімұлы Омар, Ауған соғысының ардагерлері Құнанбай Тойшанұлы, Марат Зәуірбекұлы, Бөкейхан Әмірханұлы, Серік Оспанұлы және аудандық БАҚ өкілдері мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары қатысты. Дөңгелек үстелді Қ.Жармағамбетов атындағы кітапхананың кітапханашысы Батырова Венера Чапайқызы ашып, жүргізіп отырды.
- Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері! Сіздерді Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуымен аудандық кітапхана ұжымының атынан шын көңілден құттықтаймыз. Ұлы Отан соғысымен пара-пар, тарихта да, жүректе де қалған соғыс Ауған соғысы. 1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес Одағы «Ауғанстан еліне интернационалдық көрсетеміз» деген желеумен оның қарулы күштерін сол елдегі азаматтық соғысқа қатыстырып және кең көлемде әскери  іс-қимылдар жүргізді. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі» - дегендей, қанша уақыт өтсе де бұл күн маңызын жоғалтқан жоқ.  Бүгінгі дөңгелек үстел - осының айғағы дей отырып, осы соғыста және соғыс зардабынан бейбіт өмірде дүниеден озған ардагерлерді  1 минут үнсіздікпен еске алды.
Дөңгелек үстелде алғашқы болып «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалының бірінші орынбасары Ғабит Сүндетбаев сөз сөйлеп, Ауған соғысының ардагерлерін мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Бұл соғыстың зардабы біздің де әулетімізді айналып өтпеді. Туған бауырының осы соғыста 2 жыл 8 ай өткізгенінде айта өтті. Сол кездегі Кеңес Үкіметінің солақай саясаты тамырды уландырып, талай боздақтардың қаны сұрапыл соғыстың дауылды заманында кетті. Сондықтан «тәубә» дейік. Аман болыңыздар, ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіздер.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Сіздер мен біздер тек болашақ  буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар  буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді. Ал сіздер, бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушы  ауған соғысының ардагерлері, бұл патриоттық борыштарыңызды сол кезде ақ өтедіңіздер. «Дәуір қателігі» деген сөзде ақиқат жоқ. Өйткені, сіздер қазақ деген халықтың қашаннанда батылдық пен батырлықтың иесі екенін, қажет болса Отан үшін оттан да қорықпайтынын дәлелдедіңіздер. Бұл – тарих, ал тарихты ешкім өзгерте алмайды деді. Бұндай іс-шаралардың мәдени ошақтарда әлі де жалғасын табатынын айта кетті.
Қанат Омар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
- Құрметті интернационалист бауырлар! Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар! Бұл қанды соғыста мына отырған сіздер, интернационалист-жауынгерлер ерлік танытып, ата-бабаларымыздың рухын асқақтаттыңыздар. 9 жыл 10 айға созылған  соғыста қаншама адам құрбан болып, біразы із-түссіз жоғалып кетті. Сіздер де осы соғыстың ортасында жүрдіңіздер. Жүректеріңізде соғыс салған жара әлі бар. Сіздер бейбіт күнде де шама-шарықтарыңызша еңбек етіп, ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрсіздер. Аман болыңыздар, ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіздер деді. Дөңгелек үстел басында Ауған соғысының ардагерлері де өздерінің әңгімелерімен бөлісіп, тілектерін айтты.

Бөкейхан Әмірханұлы, Ауған соғысының ардагері, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
- Құрметті Ауған соғысының ардагерлері, дөңгелек үстелге жиналған қонақтар! Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына табаны күректей 30 жыл өтіпті. Алайда сол соғыстың зардабы ешкімнің жүрегінен өшкен жоқ, ол жара жазылмайды. Қазіргі  сәтте біздің жүзіміз жарқын көрінгенімен, әр ардагердің жүректері жылап тұр. Қаза болған майдандас достарымыздың бейнесі ешуақытта санадан өшпейді. Ендігі біздің арманымыз, тілегіміз, Алладан сұрайтынымыз  кейінгі  ұрпақ мұндай қырғынды көрмесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын осындай мәні зор жүздесуді өткізуге ұйытқы болған кітапхана директоры Роза Сұлтанқызы мен оның ұжымына ардагерлер атынан алғысын білдірді. 


Құнанбай Тойшанұлы, Ауған соғысының ардагері:
 - Шынымды айтсам 18 жастағы, мұрты тебіндеп үлгермеген бозбалалар қырғын соғыстың ортасына түскенде не болғанын ұқпай да қалдық. Жүрегімізде тек «Отан үшін!» деген патриоттық сезім болды.  Аман-есен туған жерімізге оралдық еңбекке араластық. Бірақ сол кездің жаңғырығы бізге әлі де естіліп тұрады, десек өтірік емес. Майдандас достарымыздың бейнесі көз алдымызда. Соғыстан оралмағаны, келгеннен кейін жарақат салдарынан өмірден ерте озған ардагерлердің есімін біз де, өскелең ұрпақ та ұмытпайды.
Марат Зәуірбекұлы, Ауған соғысының ардагері, кәсіпкер:
- Әрине, Ауған соғысының салған зардабы, қайғысы мен қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес. Жыл сайын ақпанда бас қосып, әңгімелесіп, шер тарқатып аламыз. Сол үшін бәріңізге рахмет. Қатарымыз сиремей аман-есен осылай жолығып жүрейік. Бүгінгі керемет кездесуді ұйымдастырған кітапхана ұжымына көп рахметін айтты.
Біз ауған соғысының қаншалықты қиын болғанын түсіндік. Сондықтан бүгінгі кездесудің біз үшін маңызы зор болды. Тәуелсіз елде тұрып жатқанымызға шүкіршілік етіп, ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп-құрметтеу – біздің борышымыз,- дей отырып Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушысы Сәкен Нариман Қанатұлы жыр шумақтарын оқып берді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел басында Ауған соғысы туралы бейне ролик пен слайд көрсетілді. Соғыс - зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі - Ауған соғысы. Расымен, бейбіт өмірге қол жеткізу қай халыққа да оңай түспеген. Өткен әрбір соғыс мыңдаған, миллиондаған адам шығынын әкеліп, қаншама мемлекетті күйретумен тарихта таңба болып қалды. Бұл кездесу оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәні зор мағыналы іс-шара болды.
Ғализа Жәкішқызы, аудандық кітапхананың әдістемешісі:
- Құрметті Ауған соғысының  ардагерлері, қадірлі қонақтар! «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген сөздің өз мәнін ешуақытта жоғалтпайтынына бүгін көзіміз тағы бір жеткендей болды. Ауған соғысы ардагерлерін еске алу, ерліктерін паш ету-біздің қасиеттері парызымыз. Бұл дөңгелек үстелді өткізудегі біздің ең басты мақсатымыз ерліктерімізді ұлықтау. Өйткені, өткенсіз – бүгін жоқ. Өскелең ұрпаққа  үлгі-өнеге болып жүрген Құнанбай Тойшанұлы, Марат Зәуірбекұлы, Бөкейхан Әмірханұлы, Серік Оспанұлы және де басқа  интернационалист-жауынгерлерді өскелең ұрпақ мақтан тұтады. Бұл күнге біз ұжымымызбен ерекше дайындалдық. Өйткені бұл күн әрі мереке, әрі  азалы күн. Сондықтан келіп, сұхбаттасып, әсерлі әңгімелеріңізбен бөліскендеріңізге алғыс айтамыз. Біздің есігіміз сіздер үшін әрқашанда ашық. Қандай тілек-өтініштеріңіз болса да тыңдауға дайынбыз. Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Келгендеріңізге көп рахмет деді.
Иә, болашаққа қадамды нық басу үшін өткенімізді өшірмей, ерлігімізді жәдігердей сақтауымыз қажет. Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол. Шара соңында кітапхана әдістемешісі Ғализа Жәкішқызы ардагерлерге сыйлық тапсырып жиналғандар естелік суретке түсті.

АҒЫТАЕВ ӘМІРХАН БАҚТЫБАЙҰЛЫ,
аудандық кітапхананың қызметкері.










Комментариев нет:

Отправить комментарий